Жаһандық пандемия жүз жылда бір рет біздің планетамызды қамтиды. Өткен ғасырдың басында испан тұмауына ұқсас жаппай аурулардың таралғаны да әлі есімізде. Міне, бір ғасыр өте, біз осындай оқиғалардың куәсі болып отырмыз. Біздің қазіргі қоғамымыз осындай сынақтарға барынша дайын болып шықты. Пандемия барлық елдің қалыпты тіршілігіне айтарлықтай әсер етті, айтар болсақ, экономиканың құлдырауы, қозғалыс шектеулері, қашықтықтан жұмыс істеу сияқты мәжбүрлі, бірақ қажетті шешімдер қабылданды. Мұндай жағдайда балаларды тәрбиесі мен білім алуына көп көңіл бөлінеді. Өткен жылдың төртінші тоқсаны білім беру процесінің барлық қатысушылары үшін қиын кезең болды. Компьютерлік техниканың жетіспеушілігімен және жоспарлардың бұзылуымен бір кеңістіктегі еңбек қызметі мен оқуды біріктірудің қиындықтарына бейімделуге тура келді. Жаз бойы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, ІТ-компаниялар электрондық оқытуды жаңғырту бойынша орасан зор жұмыс жүргізді. Педагог мәртебесін нығайтуға, байланысты жақсартуға, оқулықтар мен білім беру платформаларының сапасын арттыруға, қашықтықтан білім беру технологияларын қолдану бойынша семинарлар мен конференциялар өткізуге бағытталған маңызды шешімдер қабылданды.
Білім Министрінің 2020 жылғы 13 тамыздағы №345 бұйрығымен Білім беру ұйымдарының барлық типтері үшін әдістемелік ұсынымдар бекітілді. Қашықтықтан оқыту сабақтарын өткізудің синхронды және асинхронды формалары қарастырылды, қашықтықтан оқыту форматында оқу үдерісін ұйымдастырудың білім беру платформаларының үлкен таңдауы ұсынылды. 2,6 миллион оқушы жаңа оқу жылын үйде бастады, оның 400 мыңға жуығы бірінші сынып оқушылары. Ақмола облысының Бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 30 тамыздағы №109 қаулысын орындау үшін Көкшетау қаласында білім алушылардың 65,2% - ы қашықтықтан оқыту жағдайында болды. Мұндай шектеудің мақсаты коронавирустың таралуын және маусымдық ЖРВИ аурулары аясында жағдайдың нашарлауын болдырмау болып табылады. Тарих бізге өмір мен денсаулықты бәрінен жоғары бағалауға үйретті.
Қазақстан 20 жыл ішінде білім беру жүйесін ақпараттандыру және цифрландыру бойынша үлкен жұмыс атқарды. Байланыс инфрақұрылымы көптеген отандастарға Интернетті күнделікті өмірде пайдалануға мүмкіндік береді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің пайда болуымен өмірдің айтарлықтай бөлігі виртуалды коммуникацияларда өтеді. Карантин жағдайында оқу мен жұмысты да осындай алаңдарға ауыстыруға тура келіп отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың онлайн форматтағы білімге қол жеткізу проблемаларын атап өтті. Білім және ғылым министрлігі білім берудің онлайн-платформаларына қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеу туралы шешім қабылдады. Қашықтықтан оқыту жағдайларын жақсартуға ата-аналар қауымдастығы елеулі қолдау көрсетуде. Байланыс сапасы бойынша жедел кері байланыстың арқасында сабақтың синхронды форматындағы мәселелерді айқындап, балама мүмкіндіктерге көшу жолға қойылуда. Онлайн-платформа әкімшілігі сабақ кезінде орын алған оқыс оқиғалар, сабақтың бөлініп кетуі үшін кешірім сұрады және қазіргі кезде анықталған кемшіліктерді түзетуде.
Көкшетау қаласында оқу жылы басталар алдында білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің педагогтармен жүргізген сауалнама барысында білім беру үдерісінің барлық қатысушылары үшін қашықтықтан оқытуды ұйымдастырудың қиындықтары анықталды.
Білім және ғылым Министрлігінің ұсынымдары мен проблемаларды талдау негізінде білім беру ұйымдары үшін негіздемелік стандарт әзірленді. Ресми Интернет-ресурстар арқылы қашықтықтан оқытудың шарттары мен нормалары туралы жұртшылықты хабардар ету жолға қойылады, консультациялық қызметтердің жұмысы күшейтіледі, қашықтықтан оқытудың сапасына көбірек көңіл бөлінетін болады.
Оқушылардың жұмыс орындарын ұйымдастырудың кейбір аспектілерінде де проблемалар туындауда. Бұл әсіресе көп балалы отбасыларда байқалады, онда балалар кезекпен оқуға мәжбүр болады немесе бір-біріне кедергі келтірмеу үшін өзара келісімге келуге тырысады. Бұл жағдай Білім және ғылым министрінің бақылауында, асинхронды сабақ форматының мүмкіндіктері әлі де болса пысықталуда. Әрине, бұл жерде педагогтардың қажырлы еңбегін атап өту қажет. Осы кезеңде олар Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты аясында білім беру бағдарламаларын игеру қарқынын сақтауға бар күшін салады.
Егер алғашқы апталар жаңа жағдайларға үйренуде өтетін болса, одан әрі біз тынбай үздіксіз жұмыс жасауымыз керек болады, өйткені мектеп бағдарламасынан артта қалу жас ұрпақтың білімі мен дағдыларына теріс әсер етуі мүмкін.
Сондықтан біздің мұғалімдердің қолдауы өте қажет, өйткені бірнеше мыңжылдықтар бойы қалыптасқан мұғалім мен оқушы арасындағы әдеттегі қарым-қатынас кезінде техникалық құралдар қиындықтар туғызады.
Қадірлі отандастар, әріптестер! Жаңа басталған оқу жылы жаңа қуаныштармен бірге, алдымызға жаңа мақсаттар мен міндеттерді қояды.
Біз бірлесе, барлық қиындықтарды сәтті еңсереміз және оқу қарқынын сақтаймыз. Қазақстанды дамытудың маңызды мәселесі бойынша қолдауларыңыз бен ынтымақтастықтарыңыз үшін алғысымды білдіремін!
Дата редактирования: 09.09.2020 21:50 (UTC+3)
Пожаловаться